Сағынғалиева Сая жастарды өз еліне жанашыр болуға шақырды

Қайырлы күн, форумға қатысушылар! Дархан даланың еңбекқор қыз-келіншектері бас қосқан ауқымды жиында ауыл жастарының атынан сөйлеу мен үшін

зор мәртебе!     «Әйелдер жүрген жерде әрдайым адалдық, объективтілік пен алға ұмтылу бар», — дейді Елбасымыз. Жұдырықтай жүрегіне жылылық пен ұлылық ұялаған әйел-өмірдің мәні, тіршіліктің сәні.
Мен Ақтөбе облысы Байғанин ауданында жастар ресурстық орталығының басшылық қызметін атқарып келемін. Кез келген істі мүлтіксіз атқару үшін білім мен қатар тәжірбие керек екені мәлім.

                                              

Бірлестік төрайымы бола жүріп, көптеген әлеуметтік жобалар жазып, шетелдік донорлар тарапынан грант жеңімпазы атандым. Бұл қызметімнен бөлек, жастар арасында лекция-семинарлар, тренинг-семинарлар өткізетін тренер-менторлықты да қоса алып жүрмін. Әрбір адам жұмысын бар ынтасымен тыңғылықты етіп жасаса, өзі де, оған қасындағы жолдастары да риза болмақ. Мен тұратын ауданда «бір қолымен бесік тербетіп» қана қоймай,  өз ісін дөңгелетіп, кәсібінің нәсібін көріп отырған нәзік жандылар жетерлік! Себебі ауылымызда кез келген еңбекқор жанға өз кәсібін бастауға барлық жағдайлар жасалған. Ауылдың тәтті тірлігінен бас тартып, қалаға кетудің қажеті жоқ. Өйткені, асқақ армандарды ауылда жүріп ақ жүзеге асыруға  болады. Оған бүгінгі таңда өз ісінің білгір мамандарына айнаған ауыл азаматшалары дәлел. Қазігі таңда ауыл мен қала бір деңгейде дамып келеді. Айырмашылық тек атауында ғана. Атағы айға жетіп, талайдың пір тұтар жандарына айналып жүрген апаларымыздың түбі бір текті ауылдан шыққаны бәрімізге мәлім.

                                             

Дана халқымыз «Жақсы жұмыс – жанға тыныс» дегенді бекер айтпаса керек. Ауылда туып, ауылда өскен, өз еліне жанашыр жас ретінде,  мен жалынды жастарды туған жерлерінің дамуына, өркендеуіне теңізге тамған тамшыдай болса да үлес қосуға шақырамын. Себебі ауыл өміріне белсене араласып, қай салада болмасын үлкен жетістіктерге жетуіміздің арқасында, мемлекетіміздің айбыны артып, еліміздің аты әлемге әйгілі болары сөзсіз. Сөз соңында айтарым, Абай айтқан бес асыл қасиеттерді бойымызға дарытып, әрдайым тереңнен ойланып, өзімізге талап қойып, тайсалмай еңбек етіп, алған несібемізге қанағат қылып, айналамыздағыларға рақымды болсақ, біз алмайтын асу болмайды.

                     «Сен жанбасаң лапылдап,    

                       Мен жанбасам лапылдап,

                      Біз жанбасақ лапылдап,     

                     Аспан қалай ашылмақ!»

Аспанымыз ашық, енді лапылдап жану ғана қалды. Жастар! Келесі жыл біздің жылымыз! Жастар жылында қырандай қырағы жастарға зор сенім артылып отыр! Елге, жерге деген махаббаты бөлек, қамқорлығы мол қазақ деген ұлттың қайсар екенін тағы бір дәлелдейік. Алға жастар!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *