Қазақстан Республикасының әйелдер форумы туралы Шығыс Қазақстан облысының Аягоз ауданы Доненбай ауыл мектеп директоры Н.Т.Дюсенбаевтің пікірі

«Ана бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен «әлемді» тербетеді» — деген қанатты сөз кез-келген өркениетті мемлекеттегі әйел қауымының қоғамда алатын орнын дәл анықтап тұрғандай. Өйткені Ұлы даланы еркін жайлаған Ұлы бабаларымыз жанындағы ұрпағын таратып және оған қамқор болатын жан серігі әйелінің ешбір құқығын шектемегендігі тарихтан белгілі. Оның айқын дәлелдері қазіргі археологиялық қазбалардың бәрімен дәлелденуде. Қазіргі қазба кезінде табылып жатқан алтыннан, күмістен жасалған жәдігерлеріміздің  бәрі әйел қауымын қуантуға арналған әшекейлер! Тіпті бабаларымыздың  анасына, жан серігіне, туған қызына деген сүйіспеншілігі мен махаббатын білдіру үшін тау қопарып кең шығарып, оны балқытып, зергерлік өнерге үйренді  десек артық айтқан болмаймыз.

Ал  оларды  қорғау үшін  жабайы аттарды қолға үйретуі, жанкешті еңбектің аса зор үлгісі емес пе? Демек «әйел заты» өзінің нәзіктігімен қатар ұрпағы үшін жанын қиятын қайсарлығымен, өзінің сұлулығымен қатар жан-ұя берекесі үшін талмай еңбек ететін шыдамдылығымен тағы да толып жатқан жақсы қасиеттерімен  Адам қоғамының алға дамуына үнемі үлес қосып отыратын  Ұлы қозғаушы күш.

      Оның көрінісі қазақ халқының лиро-эпостық жырларында айқын көрінеді. Атап айтсақ Қобыланды батырдың Қыз Құртқасы, Алпамыс батырдың Гүлбаршыны т.с бергідегі ұлы бабамыз  Қабанбайдың Гаухарын айтсақ та жеткілікті. Ал ықылым заман тарихына үңілсек тиграхаудтар тайпасы мен массагеттерді  қосып Сақ мемлекетін  құра білген Тұмар ханшаны (Томирис) қалай айтпаймыз. Бүкіл  Жарты әлемді жаулаған парсы патшасы Кирдің басын алып өз тәуелсіздігін қорғап қалған қайсар ана рухына қалай табынбайсың!

                      

      Мен осы форумның алғашқы күнінен-ақ бастап Тәуелсіз  Қазақстанның түкпір-түкпірін де ерең еңбек етіп жатқан қарапайым  қазақ әйелдері мен қазақстандық қыз-келіншектердің әрбір саладағы жетістіктеріне қатты қуандым.  Ауыл шаруашылығының кез-келген саласын дамыту оңай шаруа емес. Сол қиындықтарды игере жүріп, өзімен қоса ұрпақтарын сол салаға бағыттап жатқан қазақстандық әйелдердің жетістіктерін ерекше ыстық ықыласпен қабылдадым. Қазақстанның аграрлық секторын дамытатын  үлкен күш екеніне көзім анық жетті және  тәнті болдым.

                                

Ал осындай жанкешті еңбек етіп жатқан қарапайым еңбек адамдарының басын қосып, оларды Астана төріне шақырып үлкен форум ұйымдастырған Парламент мәжілісінің депутаты М.А.Айсина және оның командасына айтар алғысым шексіз! Өйткені форум барысында талқыланған барлық тақырыптар өмір талабынан туындаған өзекті мәселелер. Ауыл шаруашылығына жаңа технологияларға дейін енгізу және табиғи таза өнімдер өндіру. Осы жұмыстарды атқарудың бәріне тиімді энергия көздерін пайдалану энергия үнемдегіш технологияларды қолдану. Осы орайда мен де  спикер  ретінде өзім 2013 жылдан бері ПРОООН бағдарламасымен пайдаланып келе жатқан «іштен қозып жану» от қазандығын тиімді пайдалану және тамшылап суғару технологияларымен таныстырдым. Осы технологияларды  форумға  жиналған барлық қатысушылар өте жақсы қабылдап, көпшілігі байланысқа түсіп дайындаған буклеттерді үлестіріп алғаннан–ақ бұл технологиялар қолданысқа алынғанына көзім кәміл жетті!

                                                                     

Форум барысында Агросектордың қордаланған көптеген мәселелері көп талқыланып, әртүрлі салалар өкілдері бір-бірімен қарым қатынасқа түсіп, жаңа технологиялармен қаруланып дамудың жаңа жолына «старт» берілді.

       Ең бастысы қарапайым еңбек адамдары өз істерінің қоғамға керек екенін кәміл сезініп,үлкен рухани күш алды. Қазақстанның түкпір-түкпірінде ерен еңбек үлгісін жасап жатқан нәзік жандылар бірін-бірі көріп, өздерінің Тәуелсіз Қазақстанның бір жауапты саласын алға тартып жүрген ұлы күш екендіктеріне көздері жетті.

Ендеше Тәуелсіз Қазақстанның экономикасына әйелдер қауымының қосар үлесі  ұшан-теңіз!     

 А Л Ғ А  Қ А З А Қ С Т А Н!!!

Аягөз ауданының құрметті азаматы, Аягөз ауданының маслихат депутаты:  Н.Т.Дюсенбаев

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *